НОТАРИАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІНЕ
Кілт сөздер:
нотариат, нотариаттық қызмет, нотариус, нотариаттық қызмет көрсету, нотариат палатасыАңдатпа
Бұл мақалада автор үш негізгі бағытта нотариатты жетілдіру арқылы нотариаттық қызмет сапасын арттыру мүмкіндігін қарастырады:
- Нотариус кәсібіне қол жеткізу тәртібі мен шарттарын қайта қарастыру;
- Нотариустардың біліктілігін арттыру және олардың қызметін әдістемелік сүйемелдеу;
- Нотариус функцияларын жосықсыз атқарғаны үшін олардың жауаптылығын қаталдандыру.
Автормен қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ шетел тәжірибесіне талдау жасау арқылы нотариаттық қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Автордың жекелеген қорытындылары мен ұсыныстары нотариаттық қызметті жүзеге асыруға үміткерлерге қойылатын талаптарды қайта қарастыруға, тағылымдамадан өту бағдарламасының талаптарын қайта қарау арқылы оның тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуге саяды. Нотариустардың кәсіби білім деңгейін арттырудың қажетті шарасы ретінде біліктілікті арттыруды міндетті түрде ұйымдастыру мен өту ұсынылады. Автордың пікірінше, бұл міндет заңнамалық бекітілуі және аймақтық нотариат палаталарына да, нотариустардың өздеріне де жүктелуі тиіс.
Нотариаттық тәжірибенің біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында нотариустар үшін міндетті болуы тиіс жекелеген нотариаттық іс-әрекеттерді жасау бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдарды қалыптастыру қажеттілігі ерекше айтылады.
Нотариустарды жауапкершілікке тарту жолдарын қайта қарастыру ұсынылады. Атап айтқанда, Нотариустардың ар-намыс кодексін бұзғандығы үшін нотариустарды тәртіптік жауаптылыққа тарту қажеттілігі көзделеді. Бұл ретте тәртіптік жауаптылықтың ең жоғары шарасы ретінде нотариат палатасынан шығару болуы мүмкін.
Нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандырудың қазіргі үлгісін жетілдіру мақсатында жеке және ұжымдық сақтандыру шарртары бойынша нотариустың кәсіби жауаптылығы тәуекелін сақтандыру міндетін көздеу ұсынылады. Сонымен қатар, сақтандырудың негізгі қағидаттарының бірі сақтандыру төлемдері мөлшерлерінің саралануын білдіретін мүліктік мүдделерді толық қорғау болуы тиіс.
Алынған зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасындағы нотариаттық қызметті жетілдіру бойынша заң шығару жұмысы барысында пайдаланылуы мүмкін.