ЗАҢНАМА ТЕРМИНДЕРІН ЖҮЙЕЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кілт сөздер:
термин, заңнама тілі, теңтүпнұсқалылықАңдатпа
Автор бұл мақаласында заңнама тілінің көркем әдебиет тілінен өзгеше екендігіне назар аударып, өз пікірін мысалдармен дәлелдейді. Заңнамада терминдердің, тұрақты сөз тіркестерінің әртүрлі аударылуы салдарынан оны орындауда қиындықтар туындайтындығы жөнінде нақты мысалдар келтірген.
Халықаралық терминдер аударылмай, сол қалпында қолданылып жүрген практикамен де келіспейтіндігін көрсетеді. Орыс тіліндегі заңнамада шет тілінен келген терминдер өз тілінің транскрипциясымен жазылып, өзінің төл сөзі ретінде қабылдау практикасының дұрыстығына баса назар аударады. «Консервация месторождении» дегенді «кен орнын консервациялау», құрылыс саласындағы заңдарда «тоқтатып қою» болып жүр. Орыс тіліндегі «ция» жалғаулығы қазақша «лау» деген жалғаулықтың баламасы. Сонда бір терминге орысша «ция», қазақша «лау» деген екі бірдей жалғаулықты қосақтап жазудың қате екендігін ескертеді.
Мақалада көркем әдебиет аудармасында бір тілден екінші тілге аударылған мәтінді кері қарай аударуға болмайды деген қағиданы заңнама аудармасына қолдануға болмайтындығын түсіндіруге ұмтылыс жасалған.
Заңдарда «форма» – «нысан», баспасөзде «объект» – «нысан» болып жүруі өрескел қате екендігіне орай дәлелді пікірлер ұсынылған. Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігіне сүйеніп, «нысан» деген сөздің заңнамадағы «форма» деген терминнен гөрі баспасөздегі «объект» деген терминнің баламасы екендігі жөнінде пікір білдіріледі. Бірақ «объект» бар жерде «субъект» болатындығын ескеріп, бір кездегі «субъектіні» «пысан» десек жарасып-ақ тұр деген ғалымның пікіріне орай «нысандық пікір», «пысандық пікір» десек жарасымды бола ма? деген сұрақ қойылып, бұл пікірдің жөнсіздігін аңғартады.
Осы пікірлерді ескере отырып, заңнаманы латын әліпбиіне көшірмес бұрын терминдерді, тұрақты тіркестерді бір жүйеге келтіру қажет екендігін ескертеді.