МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ЗАҢНАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кілт сөздер:
мемлекеттік сатып алу, шарт, тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаАңдатпа
Осы мақалада Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының ережелері және осындай нормаларды қолдану кезінде туындайтын проблемалар қаралады. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабының 4-тармағына ерекше назар аударылады, себебі ол заңға жаңадан енгізілген. Бұрынғы заңның редакциясында болмағандықтан, оны бұзу жағдайлары орын алды. Осы жайт құқық қолданушылардың, дәлірек айтқанда, тапсырыс берушілердің заңнама өзгерістері туралы кеш хабардар болғаны туралы айтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, тапсырыс берушілердің талаптарын сақтамағаны үшін өнім берушілер шығынға ұшырауда. Осыған орай өнім берушілерге шығындарын өтеу мүмкіндігімен, осындай жағдайларды шешудің сотқа дейінгі сатысын заң жүзінде бекіту ұсынылады.
Екінші мәселе мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданылу мерзіміне және шартты жасасу мерзімдеріне арналған. Көптеген жағдайларда мемлекеттік сатып алу туралы шарттар (үзіліссіз тұрақты және жүйелі негізде көрсетілуі тиіс қызметтер, жұмыстар бойынша) 31 желтоқсанына дейін жасалады. Алайда төлемі шарттың мерзімі аяқталатын күннен бұрын жүргізіледі. Осыған орай, Заңның 43-бабының 20-тармағының талаптарына қарамастан,өнім беруші көрсеткен қызметтердің бір бөлігіне ақысы төленбеуі мүмкін. Жаңа заңға шарттың қолданылу мерзіміне қатысты норма (43-баптың 18-тармағы) енгізілген, оған сәйкес тапсырыс беруші күн сайынғы немесе апта сайынғы қажеттіліктегі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданысын мемлекеттiк сатып алу қорытындысы шығарылғанға дейінгі кезеңге ұзартуға құқылы. Оның норманың енгізілуі шарттардың арасындағы мерзімдердің үзілу мәселесін шешеді. Сонымен бірге, соңғы өнім берушімен шарт жасасу жөніндегі өкілеттік Заңда міндет емес, ал құқық секілді білдірілген, бұл тапсырыс берушіге осы норманы, тіпті қажеттілігі болса да, пайдаланбау мүмкіндігін ұсынады.