ЕЛ ЕГЕМЕНДІГІ ЖӘНЕ ТІЛ
Кілт сөздер:
термин қоры, халықаралық қолданыстағы термин, терминологиялық лексиканы біріздендіруАңдатпа
Мақалада мәртебесі ҚР Конституциясында айқындалған ұлттық тіліміздің қоғам өміріндегі тұғырлы да биік орны туралы мәселе жан-жақты қарастырылып пайымдалады. Елбасының бұл аса маңызды мәселе жөнінде еліміздің тәуелсіздік жылдары ішінде тарихи дамуымызды арқау еткен еңбектерінде айтқан келелі де кемел ойларымен дәйектеліп, идеялық тұғырын өте айқын да нұсқалы айқындама берілгендігі қозғалып отырған тақырыптың өзегіне өрілген. Ұлттық тіліміздің ұлы да мәңгілік миссиясы – Мәңгілік ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаздық рухы салтанат құрған елімізде халықтың ұлт ретіндегі бірегейлігін, тұтастықтығын сақтау, соған ұйтқы бола білу. Оның бұдан әрі де толысып өркендеуі бүгінгі таңдағы қоғамдық қатынастың сан-салалы мәселелерінде экономикалық, саяси, мәдени тұрғыдан жаһандық ықпалдасудың нәтижесіне тікелей байланысты екендігі бұлжымас ақиқат.
Бұл ретте мақалаға негізінен өзек болған тақырып – әсіресе тәуелсіздіктің соңғы жиырма жылында қабылданған ұлттық заңнамада ана тіліміздің өз мәнінде ұғынықты да ұтымды, жүйелі де орнықты, «заманға сай жаңғырып» көрініс беруіне ерекше ден қою мәселесі талданады. Ал заңнама - қоғам өмірінің барлық саласын қамтиды десек, онда қолданылатын құқық терминдері, сөз атаулары мен тұтастай лексикасы - ұлттық тілдік қорымыздың үлкен бір арнасы. Ал осы арнаның ағысы мейлінше таза да тұнық болуы, ел өмірінің әр салада дамып, өркендеуімен байланысты пайда болатын жаңа ұғымдық, мағыналық атаулармен толығып отыруы заңды құбылыс. Сондықтан заңнама лексикасына өзек болатын термин қоры ауқымының жылма-жыл молығуы да, жаңаруы да – ғылыми-практикалық сипаттағы факті. Тіл қолданысын, оның ішінде заңнама тілінің қолданысын өмірлік осы құбылыстан бөліп алып қарауға болмайды. Заңнама терминіне қойылатын талап да осы үрдістен келіп өрбиді, өйткені заң – қоғамдағы жалпы адами тыныс-тіршілік әрекетін реттейтін жарғылық әрі қағидалық құрал. Ал мұндай жағдайда оның белгілі бір нақты ұғымдарды бұлжытпастай дәл мағынада беруі өте маңызды. Осы ретттен келгенде тілдік қорымызда көптеген жаңа ұғымдардың пайда болуы, тиісінше жаңа терминдердің тууы – заңды құбылыс.
Мақаланың ғылыми-практикалық түйіні Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада атап көрсетілгендей, терминологиялық лексиканы біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру жөніндегі міндет өте өзекті болып саналады деген тұжырымның маңыздылығына бүгінгі заңнамадан алынған нақты дәлел-мысалдармен ерекше ден қоюға келіп саяды.