ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТАУАР БЕЛГІЛЕРІН, ӨНЕРКӘСІПТІК МЕНШІК ОБЪЕКТІЛЕРІН ЖӘНЕ СЕЛЕКЦИЯЛЫҚ ЖЕТІСТІКТЕРІН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кілт сөздер:
зияткерлік меншік құқығы, тауар таңбалары, өнеркәсіптік меншік объектілер, өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктерАңдатпа
Берілген мақала «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ Азаматтық, азаматтық іс жүргізу заңнамасы және атқарушылық іс жүргізу бөлімінің ғылыми қызметкерінің зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселелерін талдау жұмыстарына арналған 2016 жылғы талдамалық есеп нәтижесі негізінде әзірленген. Жалпы, зияткерлік меншік құқығының проблемалары бірқатар отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде талқыланып талданды.
Сонымен қатар, соңғы кездері зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мәселелерін қарастыру Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформаларын іске асыру, ЕАЭО және ЭЫДҰ елдерінің зияткерлік меншік саласындағы нормативтік құқықтық актілерін үйлестіру, зияткерлік меншік құқықтарының сауда тұрғысындағы келісімдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ДСҰ талаптарын орындауды қамтамасыз ету бойынша өзіне алған міндеттемелерін қоса алғандағы халықаралық шарттар нормаларын имплементациялау жағдайында ерекше маңызды орынға ие болуда.
Осы орайда мақалада Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік туралы заңнамасындағы кейбір проблемаларды шешуге бағытталған ұсынымдар әзірлеу мақсаты алға қойылған. Белгіленген мақсатқа қол жеткізуде диалектика, метафизика, дедукция, талдау, салыстыру, синтез, жинақтау және формальды-заңды әдістері қолданылған.
Мақалада: 1) тауар таңбаларын құқықтық қорғау; 2) өнеркәсіптік меншік объектілерін құқықтық қорғау; 3) селекциялық жетістіктерді құқықтық қорғау проблемаларына ерекше назар аударылған. Зияткерлік меншікті құқықтық қорғаудың аталған және өзге де проблемаларына жүргізілген талдау негізінде бірқатар ұсынымдар әзірленген.
Осы мақалада қол жеткізілген зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік жөніндегі заңнамасын жетілдіру бойынша заң шығармашылық жұмыста, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы ғылыми зерттеулерде қолданылуы мүмкін.