ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІНДЕГІ ЗАҢ МӘТІНДЕРІНІҢ ТЕҢТҮПНҰСҚАЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ
DOI:
https://doi.org/10.52026/1994-408X_2020_62_4_150Кілт сөздер:
теңтүпнұсқалық, терминологиялық бірізділік, заң лексикасы, заңнама стилі, тілдік норма, аударма сәйкессіздіктері, құқықтық-лингвистикалық талдауАңдатпа
Мақала қазақ және орыс тілдеріндегі заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету мәселесіне арналған. Мақалада қазақ тіліндегі заң мәтінін түпнұсқа тілдегі (орыс тіліндегі) нұсқасына сай ету, заңның орысша түпнұсқасынан аударылатын мәтіннің сапасын жетілдіру мәселелері қаралған. Заң мәтіндерінде орын алған тілдік кемшіліктер мен олқылықтарға талдау жасалған.
Қолданыстағы заңнама мәтіндерінде кездесетін аударма сәйкессіздіктері, арнайы және жалпы терминдердің қолданылуы, салалық және салааралық терминдердің арақатысын белгілеу, терминологиялық бірізділіктің сақталмауы сияқты түйткіл мәселелер қарастырылып, тілдік кемшіліктер көрсетілген.
Аударма барысында сөз мағынасын түсініп, ұғымның мазмұны мен көлемін ажырата білмеуден туындайтын аударма сәйкессіздіктері жиі орын алып жүр. Мәселен, «непреодолимая сила» деген сөз тіркесі қазақ тіліне түрліше нұсқада аударылып, қолданылып жүр: «бой бермейтін күш», «еңсерілмейтін күш», «еңсерілмес күш» «дүлей күш», «ырық бермес күш». Бірнеше нұсқадағы жарыспалы қолданыстардың Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілген және қолданыстағы заңнамада орныққан тұлғасы пайдаланылуға тиіс.
Автор қолданыстағы заңнама мәтіндерін зерделей келе мынадай тұжырымдар жасайды: 1) мемлекеттік тілдегі заң жобаларын әзірлеу және материалдарды ресімдеу жөніндегі ұсынымдар және ғылыми лингвистикалық сараптама сараптама жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар қамтылатын арнайы әдістемелік құралдар дайындау қажет; 2) қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларын қамтитын академиялық грамматикалар, нормативті сөздіктер және анықтамалықтардың тізімін анықтап, нормативтік тұрғыдан бекіту қажеттілігі туындап отыр; 3) заңнамалық акт жобаларының мемлекеттік тілдегі нұсқасы түрлі мамандар талқысынан өтіп, заң жобалау жұмыстарының барлық сатыларында жан-жақты сараптаудан өткізілуге тиіс. Осы алғышарттардың іске асырылуы орыс және қазақ тілдеріндегі заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ету қағидатының жүзеге асырылуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде ұлттық заңнама сапасының көрсеткіші де болар еді.