ЗАҢ МӘТІНДЕРІНІҢ СИНТАКСИСТІК ЕРЕКШЕЛІГІ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2025_80_2_271Кілт сөздер:
заң, заң техникасы, мәтін, синтаксис, период, әдістер, тәсілдер, заңнамаАңдатпа
Мақала заң техникасының лингвистикалық тәсілдерін талдауға арналған. Заң техникасымен тіл білімінде заңгерлік тіл білімі айналысады. Қазақстанда заңгерлік тіл білімінен сот сараптамасының тәжірибелері ғана бар. Ал заңгерлік тіл білімінде мемлекеттік тіл әлі де нысанға іліккен жоқ.
Заң техникасында заң мәтіні күрделі синтаксистік бүтін түрінде болатыны туралы пікір қалыптасқан. Қазақстандағы мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінің пішімдемесі – период деген синтаксистік-стильдік айшықпен сәйкеседі. Сондықтан периодтың лингвистикалық ерекшеліктерін көрсетудің маңызы зор. Период жай сөйлем түрінде де, құрмалас сөйлем түрінде де түзіледі. Заң мәтіндерінің өзі де периодқа құрылады.
Период әдеби тілдің стильдерінің бәрінде де қолданылады. Солардың ішінде ресми-іскери стильде, заңгерлік мәтіндерде, тиімді әрі өте жиі қолданылатыны байқалады. Заң баптарының өзі периодта тақырыптық орында болып, ал оның бөлімдері баяншы қызметін атқарып тұрады. Бұл – бөлімдердің, тармақтардың санамаланып көрсетілуінен, санамаланған бөліктер тұтас бір синтаксистік бірліктің мүшелерінің қызметін атқарып тұратындығынан көрінеді.
Периодтың, оны құрастырушы сыңарлар протазис (тақырыпшы) пен аподазистің (баяншы) қазақ тіліндегі баламасы әлі орныққан жоқ.
Заң мәтіндеріндегі период айшығын пішімдеу жөнінде ұсыныс жасалды: тақырыпшы бөліктер аподазиспен тіркестіре жазылатындықтан, айрықшаланбай тұрады да, жалпы мәтіннің қабылдануын, прагматикасын қиындататыны, нақты айтқанда, оңай түсінуге кедергі келтіретіні байқалады. Сол себепті біз протазисті тиянақтайтын екінші жартысын санамаланған аподазистен кейін абзац қоймай-ақ жаңа жолдан бастап жазған жөн деп санаймыз. Сонда ол айрықшаланар еді, қабылдауы тез және жеңілірек болар еді.