ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСТАРДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2026_81_1_214Кілт сөздер:
халықаралық гуманитарлық құқық, Женева конвенциясы, соңғы технологиялар, құқықтық реттеу, қарулы қақтығыс, компьютерлік технологиялар, соғысАңдатпа
Бұл зерттеу қазіргі халықаралық гуманитарлық құқық үшін аса өзекті мәселеге арналған. Ол ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен және бұл жетістіктердің әскери мақсаттағы жаңа қару түрлерін әзірлеу мен қолдану саласына енгізілуімен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда ғылым мен технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып, қоғамның барлық саласына тереңдей еніп келеді. Бұл үрдістен әскери өнеркәсіп те тыс қалған жоқ. Мемлекеттердің қарулы арсеналдарына мүмкіндіктері жетілдірілген жаңа буындағы қару түрлерінің енгізілуі халықаралық құқықтық реттеу үшін елеулі қиындықтар тудыруда. Себебі, технология дамыған сайын қарулы қақтығыстардың жаңа кеңістіктері пайда болуда. Соның ішінде ерекше назар аударарлық сала – киберкеңістік. Соған қарамастан, халықаралық гуманитарлық құқық мемлекеттердің заманауи, аса қауіпті қару түрлерін қолдануына тосқауыл қоюға бағытталған тиімді құқықтық тетіктерге ие. Бұл тұрғыда, әсіресе, халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі қағидаттары мен құқықтық әдет-ғұрып нормалары маңызды рөл атқарады. Олар өздерінің әмбебап сипатымен соғыс құқығын тек қазіргі кезеңде ғана емес, болашақта да реттеуге қабілетті. Осы мақаланың тақырыбын ашу мақсатында соғыс құқығы ретіндегі халықаралық гуманитарлық құқықтың негізін қалаған халықаралық құжаттар пайдаланылды. Бұл зерттеудің мақсаты – қазіргі әскери қақтығыстарда заманауи технологияларды қолдануға байланысты қалыптасқан жағдайды талдап, оларды халықаралық гуманитарлық құқық аясында құқықтық реттеу мүмкіндігін қарастыру болды. Сондай-ақ, соғыс қақтығыстарына тартылған бүкіл әлем мемлекеттері ең алдымен бейбіт халықтың құқықтары мен азаматтық инфрақұрылымды қорғау мақсатында сақтауы тиіс соғыс жүргізудің әмбебап қағидаттарына ерекше назар аударылды.

