ПАРА АЛУДЫҢ АЯҚТАЛУ МЕЗЕТІ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕГЕ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2022_68_1_117Кілт сөздер:
пара алу, қылмыстық құқық бұзушылықтың аяқталу мезеті, парақорлыққа делдалдық, пара мөлшері, мүлік сипатындағы пайда, дайындалу, оқталуАңдатпа
Парақорлық мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтіретін, азаматтардың конституциялық құқықтарына кемсітетін, ұлттың моральдық денсаулығына кері әсерін тигізетін неғұрлым қауіпті сыбайлас жемқорлық қылмыстардың бірі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимыл әлеуметтік, сондай-ақ құқықтық сипаттағы шаралардан тұрады. Құқықтық сипаттағы шаралар қатарында қылмыстық заңның алатын орны ерекше, оны қолдана отырып, сот және құқық қорғау органдары жасалған әрекетке саралау барысында тиісті құқықтық баға береді.
Мақала парақорлықты саралаудың неғұрлым даулы мәселелерінің бірі – пара алу құрамының аяқталу мезетіне арналған. Автор пара алудың аяқталу мезетіне қатысты мәселенің даулы екендігін пайымдап, оны анықтаудың доктринадағы жолдарына тоқталған. Мақалада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының ережелері талдауға алынып, жоғарғы сот органының бұл мәселеге қатысты түсіндірмесінің жеткіліксіздігі тұжырымдалған.
Әртүрлі мән-жайлардағы пара алудың аяқталу мезетіне қатысты сұрақтар мұқият зерттелген: параны делдал арқылы алу; параны пара алушының жақындарының біріне беру; айтарлықтай, ірі немесе аса ірі мөлшерде пара алуға бағытталған пара алушының қасақаналығы іске аспаған жағдай. Сондай-ақ, пара заты мүлік сипатындағы пайда болған жағдайдағы пара алудың аяқталу мезеті туралы сұрақ та қарастырылған. Мақалада пара алуға дайындалуды қылмыстық жазаланбайтын қасақаналықтың анықталуынан ажырату мәселесіне де айтарлықтай назар аударылған.
Мақалада аталған мән-жайларда пара алуды саралаудың авторлық тұжырымдамасы құрастырылған. Құқық қолдану практикасын біріздендіру мақсатында автор пара алудың аяқталу мезетін дұрыс анықтауға мүмкіндік беретін саралау жіктерін ұсынған.