ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ЖАРИЯ ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУДІҢ БАЛАМА НЫСАНДАРЫН ҚОЛДАНУ МӘСЕЛЕСІНЕ
Кілт сөздер:
дауларды сотқа дейін шешу, медиация, арбитраж, әкімшілік рәсімдер, дауларды баламалы шешу, жария дауларАңдатпа
Осы мақаланың авторлары шет елдерде жария дауларды шешудің балама түрін қарастырады. Соңғы жылдары бұл нысан әсіресе шетелдік заңгерлер арасында қолдаулы және кең танымал болды,. Қақтығыстарды шешудің бұл нысандары Орта Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда өз орындарын алады.
Зерттеу барысында жария дауларды шешудің баламалы әдістері саласында шет елдердің заңнамалық актілерін талдау мен салыстырудың теориялық әдістері пайдаланылды. Шет елдік тәжірибені талдау дауларды сотқа дейін шешудің балама түрлерінің қалыптасу мен даму процесі табиғи себептерге байланысты екенін көрсетті. Тиісті себептер есебінде әкімшілік органдар мен жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы дауларды тезірек, тиімді және экономикалық үнемді шешуді іздестіру аталады. Дауларды шешудің бұл нысаны азаматтардың сот қорғаушылық конституциялық құқығынан айыруды мақсат етпейді, бар болғаны сот органдарының араласуынсыз дауды шешу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Әкімшілік реформаның қазіргі кезеңі қоғам мен мемлекет институттарын одан әрі демократияландырумен, әкімшілік рәсімдерді жетілдірумен, басқарудың жаңа әдістері және технологияларын құқықтық қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Түрлі әлеуметтік қақтығыстарды шешудің қалыптастырылып жатқан жаңа тетіктерінің арасында азаматтардың мемлекеттік органдарға және мемлекеттің лауазымды адамдарына жүгіну институты олардың мемлекеттік басқаруға қатысу нысаны және олардың өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау тәсілдері ретінде ерекше орын алады.
Бүгінгі таңда әкімшілік құқық мамандары-ғалымдар арасында «дауларды баламалы шешу» ұғымы мәселесін талқылау пікірталасты екенін атап өту қажет деп пайымдаймыз.