ЖАРИЯ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖЕКЕ-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ ӘДІСТЕРІНІҢ АРА-ҚАТЫНАСЫ
Кілт сөздер:
жария құқық, жеке құқық, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу, жария құқық қағидаттары, заттай құқықАңдатпа
Берілген зерттеу «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ-мен келісім негізінде әзірленген және ақпараттық-талдамалық сипатқа ие. Зерттеу жұмысының авторы - профессор, құқық докторы Ханс-Йоахим Шрамм, неміс қаласы Висмар университетінің Шығыс құқығы институтының басқарушы директоры. 1996 жылдан бастап зерттеуші ТМД елдеріндегі көптеген құқықтық реформа жобаларына GIZ және IRZ неміс ұйымдарының желісі арқылы қатыстырылған. Сонымен қатар, ол профессор Рольф Книпер және Ладо Чантуриямен бірге «Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі азаматтық құқық» атты еңбектің бірлескен авторы болып табылады.
Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы 2-бөлімінің 2.4-кіші бөлімін орындау тәсілдерін анықтау үшін қоғамдық қатынастарды жария-құқықтық және жеке-құқықтық реттеу әдістерінің ара-қатынасына талдау жүргізуге әрекет жасалған.
Автор таңдап алған тәсілге сәйкес жария-құқықтық және жеке-құқықтық реттеу әдістерінің ара-қатынасы мәселелерін пысықтау, ең алдымен, нақтылап алуды талап етеді. Құқықтық қатынастарды реттеу мәселесі Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін толықтай қамтитындықтан, көлемі жағынан шектеулі зерттеу жұмысының міндеті ретінде осы тұрғыдағы заңнамалық актілердің барлығын жүйелі қарау деп тани алмаймыз.
Берілген талдау мәнмәтінінде реттеу әдістерін ажырату мақсатында өлшемшарттарды әзірлеу жөнінде ғана сөз қозғалуы мүмкін. Аталмыш өлшемшарттар олардың негізінде келешекте жекелеген заңнамалық актілер зерттелінетін мысалдармен сипатталады.
Назарларыңызға ұсынылған зерттеу ҚР Заңнама институты жаршысының екі санында мазмұны екіге бөліне отырып бірізді жарияланып отыр. Осылайша, осы бөлікте мынадай мәселелер қатары көтерілген:
- жария құқықтың (әкімшілік құқықтың) қағидаттары мен жеке құқық қағидаттарының айырмашылығы;
- жария-құқықтық және жеке-құқықтық реттеу әдістері ара-қатынасының мәселелері;
- заттай құқықты реттеу үшін жария және жеке құқықтың ара-жігін ашудың мән-мағынасы.