АГЕНТТІК КЕЛІСІМ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ
Кілт сөздер:
агент, агенттік келісім, агенттік келісімшарт, принципал, тапсырма шартыАңдатпа
.
Сауда саласында агенттік операциялар принципал деп аталатын бір тараптың агент деп аталатын тәуелсіз екінші тарапқа келісілген аумақта принципал есебінен және оның атынан тауар сатумен немесе оны сатып алумен байланысты нақты және заңды әрекеттер жасауды тапсыруынан тұрады. Агенттік операциялар агенттік келісім деп аталатын ұзақ немесе қысқа мерзімді келісімдер негізінде жүргізіледі.
Әр елдің агент туралы анықтамаларында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірыңғай терминологиялық электрондық базада Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен анықтамаға сәйкес қандай да бір адамның тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға, тапсырманы орындайтын ұйымның, мекеменің және тағы басқалардың өкілі агент деп аталады.
Келісімнің тақырыбы нысанасына қарай: агенттік келісім; агенттік келісімшарт; халықаралық агенттік келісімшарт; коммерциялық агенттік келісім; тапсырма шарты; сауда өкілдігі туралы шарт болып бөлінеді.
Агенттік келісім - жеке немесе заңды тұлғамен принципал атынан және оның мүддесін көздей отырып, белгілі бір міндеттерді орындау жөніндегі шарттың түрі. Құрылымы мақалада берілген агенттік келісімді (шартты) үлгілік нұсқа ретінде пайдалану ұсынылады.
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында тапсырма, комиссия, көлік экспедиция шарттары және басқалары көрініс тапқан, ал агенттік келісім (шарт) қамтылмаған. Алайда, тәжірибе жүзінде заңнама ұқсастығын пайдалана отырып, бұл шарттарды жасауға тиым салынбаған. Талдау негізінде қолданыстағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне агенттік келісім (шарт) және оның мәселелерін қамтитын «Агенттеу» тарауын енгізу ұсынылады.
Зерттеудің нәтижелері азаматтық заңнаманы, кәсіпкерлік және сауда салаларын жетілдіру бойынша заң шығармашылық жұмысында, ғылыми зерттеулерде қолданылуы мүмкін.

