ЗАҢНАМАДА ТЕРМИНДЕРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ КЕЙБІР ПРОБЛЕМАЛАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2021_64_1_233Кілт сөздер:
заңнама, терминдер, теңтүпнұсқалалықАңдатпа
Мақала авторы мемлекеттік тілдегі заңнама мәтіндерінде терминдердің қолданылу проблемасына қатысты өз пікірлерін білдіреді. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы заңнама тілінің жатық та, түсінікті болуы керек деген бағытпен терминдердің контекстке қарай әртүрлі алынуының өрескел қателігі әлі күнге дейін жалғасып келе жатқандығын тілге тиек етеді.
Юриспруденцияда терминология проблемасының өзекті екендігін айта отырып, автор заң шығарушының еркін дәлме-дәл баяндауда тілдің атқаратын қызметіне тоқталады. Заңнаманы қолдану барысында мәтіннің мағынасына қарай түсіну керек деп жаңа терминдерді ойдан шығару заңнаманың орындалуына кедергі келтіретіндігін, заңдық ұғым заңнамалық актіде орнықтырылған және тиісті ресми нысанда ресімделген кезде ғана құқықтық терминге айналатындығын қолданылып жүрген заңдардағы мысалдармен дәлелдейді. Заңда қолданылып жүрген терминдердің баспасөзде басқаша қолданылуы халықты шатастыратындығын ескертеді.
Автор нормативтік актілерде бір сөз – бір ұғым деген пікір айнымас қағида екендігін, бір заңда және біртектес, бір-біріне ұқсас заңдарда көп мағыналы сөздерді, синонимдерді, мағыналас сөздерді қолдануға жол беру заң нормаларының орындалмауына алып келетіндігін дәлелдеу үшін Қазақстан Республикасы Заңнама институты Жаршысының 2017 жылғы № 1 (46) санында жарияланған Гүлжазира Ақтөреқызы Ілиясованың мақаласына сілтеме жасайды.
Автордың пікірімен негізінен келісетіндігін айта келіп, сөйлем құрылымы реттелетін нысананың терең әрі аяқталатын сипаты болуы қажеттігіне қайшы келмеу, заңнама мәтінінің дәлдігіне, айқындығы мен толымдылығына, құқықтық мәніне нұқсан келтірмеу қажеттігіне баса назар аударады.