ТЕРМИНОЛОГИЯНЫ БІРІЗДЕНДІРУ ҚАҒИДАТЫНЫҢ РӨЛІ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2022_70_3_205Кілт сөздер:
терминдердің бірізділігі қағидаты, аударма қызметі, азаматтық заңнама, заңнамалық акт, қазақ тілінің сөздіктері, электрондық базаАңдатпа
Көптен қозғалып келе жатқан терминологияны біріздендіру мәселесі қазір де өзектілігін жойған жоқ. Терминдерді бірізді ету, олардың жарыспалылығына жол бермеу ғалымдардың назарында. Бұл жағдайда басты ұстаным – С. Сейфуллин сияқты ғалымдардың тұжырымдары.
Мақалада қолданыстағы құқық актілерінің мәтіндерінде кездесетін лингвистикалық қателердің арасынан лексикалық түрі зерделенеді. Заңнамалық мәтінде лингвистикалық тұрғыдан олқылықтардың болуы оның сапасына теріс әсер ететіні нақты мысалдар арқылы көрсетіледі. Мәселен, бір терминнің не тіркестің аудармаларын түрліше беру. Олар нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінде ғана емес, сонымен қатар басып шығарылған сөздіктерден алынған мысалдарда келтіріледі. Сонымен қатар мақалада іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу, талдау, ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу барысында қол жеткізілген нәтижелер негізге алынды.
Құқықтық актілерге түзетулер енгізу ережелері мен әдіс-тәсілдері заң техникасында жазылған. Солардың бірі сөздерді не цифрларды ауыстыру тәсілі баяндалып, оны сақтамау фактісі ретінде азаматтық заңнамада терминдер мен сөздердің әртүрлі қолданылғаны, олардың деректері көрсетіліп кестеде беріледі. Бұған қоса, отандық электрондық база салаларында түрлі нұсқада мақұлданған терминдердің қысқаша кестесі де жасалды.
Тақырыптың көкейкестілігін ашу үшін мәселені практикалық тұрғыдан зерделеуге де баса назар аударылады. Халықаралық тәжірибе ретінде көршілес елдің аударма саласындағы практикасына шолу жасалады. Олқылықтарға жол бермеу тәсілдерінің бірі ретінде заң мәтінін әзірлеу және осы салада сөздіктер басып шығару барысында сақтау қажет болатын жекелеген талаптар ұсынылады. Қорытынды тұжырымдарды заң шығару практикасында қолдануға болады. Құқықтық мемлекет әлеуетінің бірден-бір көзі – лингвистикалық сауаттылықтың үлгісі болу.