ЗАҢНАМА ТІЛІН ЖЕТІЛДІРУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2021_66_3_92Кілт сөздер:
жаһанданудың әсері, заң аудармасының ерекшеліктері, заңнама лингвистикасы, халықаралық терминдер, заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеуАңдатпа
Мақалада жаһанданудың әсерінен заң тілінің (әсіресе, аударма тілінің), оның ішінде, терминдер мен сөз тіркестерінің дұрыс қолданылмауына қатысты сыни пікірлер айтылып, оларды түзетудің тиімді әдістері ұсынылады.
Азаматтық кодекс пен басқа да бірқатар заңдардың мәтіндерін мұқият талдау арқылы терминдер мен сөз тіркестерінің бірізділігін қамтамасыз ету мәселесіне байланысты ғылыми тұрғыдан негізделген нақты мысалдар келтіріледі. Автор халықаралық терминдерді тиісті мамандар мен заңгерлердің қатысуымен талқылап, тілдік нормаларды сақтай отырып енгізу қажеттігін еске салады.
Заңнамалық актілер орыс тілінде әзірленіп, кейіннен қазақ тіліне аударылатындықтан, аударма тілінің тазалығына қатысты кемшіліктер кездесіп қалады. Оларды болғызбаудың бірден-бір жолы – заңнамалық актілерді, олардың ілеспе құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеуді жолға қою. Осыған орай, мақалада заңнамалық актілерді қазақ тілінде кезең-кезеңмен әзірлеуге дайындық жұмыстарын тиянақты түрде жүргізу жөнінде ұсыныстар беріледі.
Қазақстан тәуелсіздік алып, демократиялық қоғамға бет бұрғаннан кейін басқа елдермен өндірістік-экономикалық, рухани-мәдени байланыстар нығайды. Соның әсерінен тілдік қорымыз да толыға түсті. Халықаралық терминдерді енгізу барысында екі түрлі ұсыныс-пікір қалыптасқан. Біріншісі - терминдерді аудармай, сол күйінде пайдалану, ал екіншісі – сәтті баламасы табылған сөздерді тіл мамандарының талқысынан өткізіп, қолданысқа енгізу. Осы екі пікірді салыстыра отырып, түпкілікті шешімге келуге болатыны мысалдар арқылы дәлелденеді.
Автор заңнама тіліне, оның ішінде аударма тіліне қатысты кейбір проблемалық мәселелер туралы сөз қозғайды. Бұл ретте, мүдделі тұлғалар алдында мемлекеттік тілдегі заңнамалық актілердің сапасын биік деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін қыруар жұмыс күтіп тұрғаны атап өтіледі.