МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕГІ ЗАҢНАМАДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ПУНКТУАЦИЯЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2024_78_3_257Кілт сөздер:
қазақ тілі, нормативтік құқықтық акт, заңнама, пунктуациялық ережелерАңдатпа
Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын дұрыс түсінуге, оның оқылуын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тыныс белгілері арқылы сөйлем жігі ажыратылады. Пунктуация орфография сияқты жазу тілінің дұрыс берілуін қамтамасыз ететін көмекші белгі болады. Пунктуациялық сауаттылық – адамның жалпы сауаттылығының айғағы. Ал нормативтік құқықтық актінің мәтіні сауатты жазылса, қазақ тіліндегі заң тілінің дамуының көрсеткіші деп білемін, себебі дұрыс қойылмаған үтір не басқа да тыныс белгісі белгілі бір түсініспеушілікке әкеп соғуы мүмкін.
Орыс тіліндегі заң мәтінінде дефис не сызықша қай жерде қойылса, мәтінді қазақ тіліне аудару барысында сол тыныс белгісін «көшіріп» қою қазақ тіліндегі пунктуациялық ережелердің ерекшеліктеріне назар аударылмайтынын білдіреді. Бұл жайт мақаламыздың зерттеу объектісіне айналды.
Осыған байланысты тыныс белгілерінің ішінен тек қана дефис пен сызықшаның қойылуы туралы ереже мен нормативтік құқықтық актіде орын алған кемшіліктер мысалдармен көрсетілген. Сонымен қатар үтір қай кезде қойылатыны туралы сөз болады. Осы орайда сызықша сөйлемнің грамматикалық құрылысына және интонациясына қарап қойылатынын, ал үтір қазақ жазбасында ең жиі қолданылатын тыныс белгісі және оны қойғанда грамматикалық ережені ескеру керек екенін атап өткен жөн.
Бір қызығы, талдау жасалған заңдар әр жылдары қабылданса да, атап көрсетілген пунктуациялық қатенің сипаты бірдей. Яғни орыс тілінің ережесі бойынша сызықша құрмалас сөйлемнің бір бөлігі болып табылатын толық емес сөйлемдегі жазылмаған, бірақ екінші бөлігіне қарап, қалпына келтіруге болатын сөйлем мүшесінің (әдетте, баяндауыш) орнына қойылады деген ережесі бұлжытпай сақталады.
Құқықтық актінің мәтінін қазақ тіліне аудару барысында орыс тілінің ережесін басшылыққа алудан арылу керек. Себебі қандай да бір тілдің басқа тілмен ережелері бойынша ұқсастықтары болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екенін естен шығармаған абзал.