ҒАРЫШТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОБАЛАРДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР: «KAZSAT-3R» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ МЫСАЛЫНДА
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2025_80_3_54Кілт сөздер:
«KazSat-3», мемлекеттік сатып алулар, ғарыш құқығы, ұлттық қауіпсіздік, стратегиялық жобаАңдатпа
Қазақстан Республикасында ғарыш саласының дамуы жедел цифрландыру, озық телекоммуникациялық шешімдерге тәуелділіктің артуы және жоғары технологиялар саласындағы халықаралық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында ерекше маңызға ие болуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іргелі ғылыми әзірлемелерден қолданбалы зерттеулер мен ғарыштық технологияларды коммерцияландыруға көшу қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын, бұл қазіргі мемлекеттік саясаттың маңызды элементіне айналуда.
«KazSat-2», «KazSat-3» сияқты ұлттық жобалардың, сондай-ақ жоспарланып отырған «KazSat-3R» ғарыш аппаратының жүзеге асырылуы, Қазақстан Республикасының спутниктік байланыс саласында тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, цифрлық қызметтер аясын кеңейтуге, шетелдік операторларға тәуелділікті азайтуға және ғарыш инфрақұрылымын коммерциялық мақсатта пайдалану арқылы табыс табудың экономикалық тұрғыдан орнықты моделін қалыптастыруға ұмтылысын айқын көрсетеді.
Бұл зерттеу «KazSat-3R» жобасын іске асыру барысында қолданылатын мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің құқықтық талдауына арналған. Зерттеуде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң ережелеріне ерекше назар аударылады.
Зерттеудің маңызды элементі ретінде Франция мен Германия елдерінің халықаралық тәжірибесіне салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізілді, бұл елдерде стратегиялық салалардағы сатып алуларға икемді тәсілдер қолданылады. Мұндай құралдар бәсекелестік қағидаттарын сақтау мен ғарыш саласындағы күрделі жобаларды іске асыру қажеттілігінің арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Жұмыста шетелдік мердігерлерді тарту әрекеттері кезінде туындайтын институционалдық және нормативтік тосқауылдар сараланды – атап айтқанда, отандық тұрақтылықты бағалау жүйелерінде қаржылық көрсеткіштердің болмауы, сондай-ақ Қазақстандық бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) жоқ болған жағдайда сатып алуға қатысу мүмкін еместігі.
Зерттеу қорытындылары негізінде жоғары технологиялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын құқықтық кедергілерді жоюға бағытталған нақты заңнамалық жетілдіру шаралары ұсынылды. Олардың қатарында салалық сатып алу нормаларын әзірлеу, икемді рәсімдерді енгізу, сондай-ақ халықаралық бағалау критерийлеріне негізделген шетелдік жеткізушілердің қатысу механизмін формализациялау бар.

