ЖАРИЯ ҚҰҚЫҚТЫҢ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ КАТЕГОРИЯСЫН ҚАЗАҚСТАНДА ЕНГІЗУДІҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ МЕН БОЛАШАҒЫ
Кілт сөздер:
жария құқықтың заңды тұлғалары, мемлекет, мемлекеттік функциялар, мемлекеттік органдар, Мемлекеттік басқаруАңдатпа
Соңғы онжылдықта посткеңестік мемлекеттердің кейбіреулерінің заңнамасында посткеңестік кеңістікке таныс емес, жаңа жария құқықтың заңды тұлғалары (бұдан әрі – ЖҚЗТ) құрылымы пайда болды. Грузияның, Әзірбайжанның, Украинаның, Молдованың және балтық жағалауы елдерінің заңнамасы құқықтың жаңа субъектісінің болуын тани бастаса да, бұл елдердің теориясында ЖҚЗТ тұжырымдамасы өңделмеген. ЖҚЗТ құрылымы Еуропалық одақтың көптеген елдеріне таныс, бірақ еуропалық кеңістікте мұндай тұлғалардың сипаттамасына қатысты біртұтас, жалпыға танылған көзқарас қалыптаспады.
ЖҚЗТ жалпыға танылған және біртұтас моделінің жоқтығы, қоғамдық мүдделер мен қажеттіліктер үшін мемлекетпен құрылған ЖҚЗТ құқықтық мәртебесі мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар жөніндегі классикалық ұғымның шегінен шығып кетеді, және әрбір жағдайда мемлекеттік басқарудың мақсаттары мен міндеттері ескеріле отырып, заң шығарушымен құрастырылатындығымен түсіндіріледі. ЖҚЗТ құрылымы тәжірибені қорыту жолымен туындады, сондықтан қандай да бір нақты мемлекеттің дайын моделін алып пайдаланудың мәні жоқ. Өзіміздің қолданыстағы тәжірибеге назар салуымыз қажет.
ЖҚЗТ құқықтық мәртебесі мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру мен ұйымдастырудың негіздерін, әсіресе, экономикалық қатынастарды реттеуде қолданылатын әдістерін айқындайды. Осы себепті, шетел тәжірибесін талдау кезінде әрбір елдің, бөлек алғандағы, мемлекеттік басқару жүйесіндегі ерекшеліктер ескерілуі тиіс. ЖҚЗТ құқықтық мәртебесін мемлекеттік басқарудан бөліп алып зерттеу ЖҚЗТ құқықтық табиғатын толық түсінуге мүмкіндік бермейді.
Бұл жұмыстың мақсаты қазақстандық құқыққа ЖҚЗТ категориясын енгізудің алғышарттары мен болашағын айқындау болып табылады. Мақсатқа жету үшін шетелдік тәжірибені, қазақстандық заңнаманы, сонымен қатар қолданыстағы тәжірибені ескере отырып, жария құқықтың заңды тұлғаларының құқықтық табиғатын зерттеу бойынша міндеттер қойылды. Алынған нәтижелердің негізінде тұжырымдар мен ұсыныстар құрастырылды.