ҒЫЛЫМИ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМАНЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН РӨЛІ
DOI:
https://doi.org/10.52026/2788-5291_2021_67_4_118Кілт сөздер:
нормативтік құқықтық база, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, заң тіліАңдатпа
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында нормативтік құқықтық базаны қазақ тілінде қалыптастыру қиындықтар туғызды. Қазақ тіліндегі заң стилінің жеткілікті дәрежеде қалыптаспауы, орыс тілінде әзірленген жобаларды қазақ тіліне аударуды қамтамасыз ететін аудармашылардың жетіспеуі және олардың құқықтық білімінің төмен болуы, аударма жасауға берілетін уақыттың тығыздығы бұған себеп болды.
Кез келген құқықтық актіде белгілі бір терминдер мен ұғымдарды аудару кезінде олардың бірнеше нұсқасын қолдануға жол берілмейді, өйткені олар түпмәтінге қарай әртүрлі түсінілуі немесе қолданылуы мүмкін әрі құқық қолдану процесінде қиындық туғызады немесе қолданушыларды жаңылыстырады.
Осыған байланысты орын алған тілдік кемшіліктерді түзету кезінде белгілі бір әдебиетті зерделеу және орыс тіліндегі терминдердің мағынасын түсіну талап етіледі. Оның үстіне, мұндай қателерді анықтау, оларды түзету, кейіннен олардың қолданылуына жол бермеу қазақ заңнама тілінің қалыптасуына зор үлес қосады.
Мақалада қолданыстағы заңнамада, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің қазақ тіліндегі мәтінінде орын алған лексикалық және стилистикалық қателер көрсетілген. Сонымен қатар қазақ тіліндегі мәтіннің дұрыс түсінілмеуіне әкеп соққан, үш түрлі ұғымның мағынасы ашылады. Одан басқа Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің кейбір баптарында «сведения» сөзінің аудармасы ретінде қолданылған «мәлімет» және «мағлұмат» сөздерінің айырмашылығы көрсетіліп, кодекс мәтінінде бірізділік сақталмағаны атап өтіледі. Осыған байланысты келтірілген баптардың редакциясын лексикалық және стилистикалық жағынан түзету олардың дұрыс түсінілуіне және қолданылуына септігін тигізеді әрі кодекстің қазақ тіліндегі мәтініндегі кемшілікті жояды.