ТЕРМИНДЕРДІ БІРІЗДЕНДІРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Кілт сөздер:
аударма, кірме сөздер, терминология, заңнама, КодексАңдатпа
Тіл білімінің қай саласын алсақ та, терминология мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Арнаулы ұғымдардың атаулары мен терминдері, ұғымдар жүйесі арнайы зерттеуді қажет етеді. Тілдің лексикалық ерекшеліктерін айқындаған кезде, терминологиялық жүйе шеңберіндегі ұғымдар жүйесі мен оның сипаты тілдік нормаларға талдау керектігін көрсетті.
Қазақ терминологиясындағы халықаралық терминдердің қалыптасуы, шығу тарихы және оның түрлері ғылыми ұғымдарды білдіру болып табылады. Мақалада кірме сөздерді қолданғанда немесе оларды қазақ тіліне аударғанда этимологиялық түпнегізі, семантикалық мазмұны, грамматикалық құрылымы бойынша, сондай-ақ басқа тілдердегі баламаларына қатысты мәселелер зерттелді әрі талданды.
Халықаралық құжаттарда қолданылатын заң терминдерінің қалыптасуындағы аударманың маңызы зор. Заң лингвистикасына, заң терминдерінің мемлекеттік тілде дұрыс қолданылуына, лексикалық нормасының құқықтық нормамен өзара үйлесуіне қатысты жан-жақты ақпараттар берілді. Заңның құқықтық мазмұнының түсінікті әрі нақты болуы терминдердің мемлекеттік тіліміздегі дұрыс аудармасымен де, заңнама лингвистикасының терминологиялық сипатымен де өзара байланысты.
Жаңа терминдерді енгізу процесі қазақ тілі терминологиясының және тілдік мәдениет нормаларының, яғни қолданыс заңдылықтарының одан әрі дамуын әрі жаңғыруын қажет етеді. Тілдік нормалардың қалыптасуы мен тұрақталуы туралы мәліметтер, сондай-ақ қаралып отырған мәселе аясында басқа да проблемалар сараланды.
Елімізде терминологияны одан әрі жетілдіру мен белгілі бір жүйеге келтіру үшін көңіл бөлінуде әрі нақты қадамдар жасала түсуде. Қазіргі уақытта терминология жандана түсуде әрі арнаулы салалар да өзіндік жаңа атауларына ие болуда.
Терминологиядағы бірізділік негізі заң терминдерінің мемлекеттік тілде дұрыс түзілуінен, яғни оның лексикалық нормасының құқықтық нормамен өзара үйлесуінен басталуы тиіс. Терминологияның өзіндік дамуы мен қалыптасуы бар. Оны қоғам өмірінде болып жатқан саяси – экономикалық, рухани – мәдени, тарихи - әлеуметтік өзгерістермен байланысы бар десек қате айтпаған болар едік. Қазақ терминологиясының даму тарихы мәселесіне тоқталған ғалымдардың пікірлері де назардан тыс қалмады.