АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІНІҢ КЕЙБІР ПРОБЛЕМАЛАРЫ МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
Кілт сөздер:
жолаушы тасымалы, автомобиль көлігі, мобильді қосымшалар, автобус тасымалдаушыларын субсидиялау, қоғамдық көлік, арнайы рұқсат, бөлінбейтін жүкАңдатпа
Мақалада жолаушыларды автомобиль көлігімен және автобус қатынасымен тасымалдау кезінде қызмет көрсету сапасын арттыру проблемалары қарастырылады.
«Автомобиль көлiгi туралы» заң шеңберінде халықаралық және отандық тәжірибеге көлік заңнамасының қолданыстағы ережелеріне талдама жасалады. Олардың негізінде автор жолаушы тасымалы сапасын жақсарту жөнінде негізгі түйіндерін ұсынады.
Атап айтқанда, тасымалдаушылардың әлеуметтік маңызы бар жолаушы тасымалын жүзеге асыруға байланысты шығынын жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен субсидиялау ережелерін орындауын бақылауды қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Қалалық және қала маңы бағыттарында жұмыс істейтін тасымалдаушыларды КҚС пен ҚҚС-тен босату мәселесін Салық кодексіне өзгерістер енгізу арқылы қайта қарау ұсынылған.
Еңбекте жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау барысында Интернет қосымшасын пайдалану арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру проблемалары зерттелген, автор Интернет қосымшамен жасалатын жолаушы тасымалының қазіргі пайдаланылатын үлгісі мүлдем қауіпті деген түйін жасайды.
Зерттелетін тақырып бойынша статистикалық деректер берілген, Ресей Федерациясы, Америка, Франция және Германия елдерінің практикалық тәжірибелері негізінде мысалдар кеңінен келтірілген.
Автор жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, елдің транзиттік әлеуетін ұлғайту жөнінде бірқатар ұсыныстар ұсынады, сонымен қатар, автор қазақстандық заңнамаға такси шақыртудың мобильді қосымшалары иелерінің уәкілетті мемлекеттік органнан тиісті рұқсат алу міндетін көздейтін норма енгізуді ұсынады.
Беріліп отырған ғылыми зерттеуде автомобиль тасымалы қатысушыларының құқықтары мен мүдделерінің шынайы қорғалуын арттыру мақсатында құқық қолдану тәжірибесінің анағұрлым кеңінен таралған, шұғыл шешімін табу қажет проблемаларын анықтауға талпыныс жасалған.