МЕДИАЦИЯ АДАЛ АЛУШЫ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТӘСІЛІ РЕТІНДЕ
Кілт сөздер:
медиация, дауларды шешудің балама тәсілдер, сот процесі, азаматтық құқық, адал алушы, меншік құқығын қорғауАңдатпа
Мақалада адал алушы мен титулдық меншік иесінің арасындағы меншік құқығын орнатумен байланысты дауларды құқықтық реттеуде медиация рәсімдерін қолдану қажеттілігі көзделген. Титулдық меншік иесі мүліктің меншік иесі болмаса да, заңға немесе шартқа сәйкес оған иелік ететін тұлға болып табылады. Өз кезегінде, адал алушы – мүлікті иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан оны өтеулі түрде алған тұлға, бұл ретте алушы мұны бiлмеген және бiлуге тиiс болмаған.
Мүлікке меншік құқығын орнатумен байланысты дауларға медиацияны қолданудағы қиындық туғызатын мәселе – бұл тараптардың әуелден өздерін мүліктің заңды меншік иелері деп санауы және қаржылай шығындарды көтеруге дайын еместігі. Дегенмен, соттық тәртіпте қарау барысында сот тек бір тараптың талаптарын қанағаттандырады, осы орайда екінші тарап үшін әрі меншігінен, әрі салынған қаржысынан айырылу қаупі туындайды. Осыған байланысты медиатор үшін басты мақсат тараптарға дауды реттеу қажеттілігін, бұл екі жақ үшін де белгілі бір шығындар орын алу ықтималдығын меңзесе де, жеткізу болып табылады.
Мақалада адал алушы мен титулдық меншік иесінің арасындағы дауларға медиацияны қолдану проблемалары қарастырылған. Аталған проблемаларды ықтимал шешу жолдарына талдау жүргізілген. Мақала ғалым-практиктерге, дауларды құқықтық реттеу және Қазақстан Республикасындағы дауларды балама жолмен шешу тәсілдерін одан әрі дамыту тақырыптары қызығушылық тудыратын заңгерлерге арналған.